Ербаян Мұхтардың ісі: халықаралық сараптама тағайындалды

Ербаян Мұхтар

Адвокат Инга Иманбай әскерде жұмбақ жағдайда басы жараланып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтардың ісінде қорғануға құқығы бар куәгер бар екенін, бірақ күдікті ретінде әлі ешкім танылмағанын хабарлады. Адвокат “За нами выехали” телеграм-арнасына халықаралық сараптама тағайындалғанын айтқан.

Іс бойынша маған дейін жасалған сараптама бар, ол өзі құлап, бас жарақатын алған деген болжам жасайды. Біз әрине, бұған сенбейміз. Мен іске кіріскеннен кейін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып комиссиялық кешенді сараптама жүргізілді, оның нәтижесі бірінші сараптамаға қайшы. Енді сараптаманың қайсысы шын екенін анықтау үшін халықаралық сарапшыларды тарттық. Қазір іс бойынша халықаралық сараптама тағайындалды деді Инга Иманбай.

Екі күн бұрын туыстары Ербаян Мұхтардың денсаулығы түзеліп келе жатқанын хабарлаған.

"Қазір ол арқасын тік ұстай алады, аяғында тұрады, мойнын бақылай алады, сол қол-аяғында айтарлықтар реакция бар, салмақ қосты, ауыз-қуысымен толықтай жұмыс жасай аламыз— ал бұл бастың ауыр операциясынан кейін небәрі 7,5 ай өткенде қол жеткен өте жақсы нәтиже. Бұл процесс баяу, бірақ тұрақты жүріп жатыр, бұл осындай ауыр операциядан кейін ерекше маңызды. Алда Ербаянды емделудің екінші кезеңі – Стамбулға қайта сапар күтіп тұр” деп жазды туыстары желіде.

Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған.

Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.

Ербаян Мұхтарды ата-анасы былтыр қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кеткен. Биыл қаңтарда ол Қазақстанға қайтты. Заңды өкілінің хабарлауынша, Стамбұлда оның басына ота жасалып, инфекциядан толық арылған, бұдан бөлек, салмақ қосып, роботтың көмегімен қимылдай бастаған, өзі аздап тамақ ішетін жағдайға келген. Алдағы уақытта Түркияға қайта барып, оңалтудан өтпек.