Accessibility links

Журналистер күні қарсаңындағы Ақорданың марапаты мен сөз еркіндігінің шынайы ахуалы


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін ел астанасындағы Қазмедиа орталығындағы монитордан көріп отырған журналистер. Азаттық архивіндегі сурет.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін ел астанасындағы Қазмедиа орталығындағы монитордан көріп отырған журналистер. Азаттық архивіндегі сурет.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында, әдеттегідей, бір топ журналисті марапаттады. Ол сыйлық алуға келген тілшілерді "мемлекет саясатын елге түсіндіретін, қоғам мен билік арасындағы көпір" деп атады. Ақорда мемлекеттік медиа мен үкіметті ашық сынамайтын тілшілерді сый-сияпатқа бөлеп жатқанда, биліктен құқай көрдім деген журналист елден кететінін айтты.

"Елден кетем деп ұйғардым"

Қазақстандық спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен елден кету жайлы шешімге келуіне "кейінгі кезде күшейген қысым" әсер еткенін айтты. Оның сөзінше, жоғарыда отырған кей адамға оның 2 апта бұрын Қазақстан футболы жайлы айтқан пікірі ұнамай қалыпты.

Fonteam подкасында Мәулен қазақ футболындағы кландар, алдын ала келісілген матчтар, стадион тапшылығы, газон сапасы, бапкердің айлығы сынды көкейкесті мәселелерді ашық көтеріп, сынға алған. "Мұным жоғары билік өкілдері жақпай қалды" деді ол. Бірақ журналист нақты кімнің жиі қоңырау шалып, тыныш жүр деп ескерту жасағанын айтпаған.

– Мәселе анау жоғары мінберлерге дейін, кеңселерге дейін барды. "Қой" деді, әзірше бір-екі апта қоя тұрайын, ештеңе айтпаймын. Жуырда шетелге көшем деп шештім. Осы маусым аяқталғаннан кейін кетемін. Білмеймін, енді біреу-міреу желкемнен тартып, "осындай болады, бүйтейік-сөйтейік" деп алып қалмаса, енді осы кеткенім-кеткен деп отырмын. Өйткені, айтып отырмын ғой, қазір қазақ футболында болып жатқан оқиғалар, мен енді ішінен біліп отырмын, мысалға Қазақстан футбол федерациясында істейтін адамдар білмейтін нәрселерді білем, – деді Ермұхамед Мәулен.

Ақорда журналистерге үлестірген марапат

Бірақ Қазақстанда журналистің бәрі бірдей қысым көріп жүрген жоқ. Жылда 28 маусымда атап өтілетін кәсіби мерекесі қарсаңында Ақордада бір топ журналист сый-сияпатқа бөленді. 24 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев, дәстүр бойынша, баспасөз өкілдерін қабылдап, мадақтай сөйлеп, марапат таратты, кейбірінің кеудесіне орден тақты.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысушылармен бірге түскен сурет. Ақорда, 24 маусым, 2025 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (ортада) БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсіміне қатысушылармен бірге түскен сурет. Ақорда, 24 маусым, 2025 жыл.

Журналистер алдында сөйлеген Тоқаев елдегі өзгерістерді тізіп шықты. Мемлекет басшысының сөзінше, кейінгі жылдары Қазақстан қоғамында пікір алуандығы орнығып, кез келген адам заң аясында өз ойын ашық айтатын деңгейге жеткен. Президент БАҚ өкілдерін "жасампаздық жаршысы" дей келе, "мемлекет саясаты мен реформаларын елге түсіндіретін, қоғам мен биліктің арасындағы көпір" деп мақтады.

– Қазіргі ақпарат тасқынында сенімді дерек, дәйекті талдау ұсынудың мән-мағынасы арта түсті. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез-келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды. Бұл ретте сіздерді ақпарат әлемінің темірқазығы деуге болады. Мен журналистеріміздің әр мәліметті ұлт мүддесі тұрғысынан саралай аларына сенемін, – деді президент Тоқаев.

Азаттық марапат алған бірнеше журналистке хабарласып, "билік өкілдерінен сыйлық алу журналистика принципі мен бейтараптыққа қайшы емес пе?" деп сұрады. Соның бірі – JIBEK JOLY телеарнасының жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан пікір білдіруге келісіп, жазбаша жауабын кеспей, толық жариялауды талап етті. Редакция оның ұзақ жауабын қысқартып беруді ұсынған, бірақ Мұхамеджан келіскен жоқ. Марапат алған басқа үш журналист те Азаттық сұрағына жауап беруден бас тартты.

Биыл президент Тоқаевтың қолынан нақты неше БАҚ өкілі марапат алғаны ашық айтылмады. Ақорда таратқан ақпаратқа қарағанда, 8 адамға президент сыйлығы мен гранты, төрт ұжымға алғыс хаты табысталған.

Әлемде баспасөз еркіндігі индексін бағалайтын "Шекарасыз тілшілер" ұйымы есебінде Қазақстан 180 елдің арасында 142-орында тұр. Amnesty International құқық қорғау ұйымы биыл сәуірдегі есебінде Қазақстандағы құқық қорғаушылар бір жыл ішінде 24 адам саяси астары бар іс бойынша қамалғанын тіркеді деп жазған еді. Олардың арасында журналистер де бар.

Ресми Астана елде "саяси тұтқын" да жоқ, саяси көзқарасына бола қудалауға түскен де ешкім жоқ дейді.

"Журналист үкіметке етене жақын болмауға тиіс"

PR және стратегиялық коммуникация маманы Дана Саудегерова журналистердің үкімет өкілдерінен сыйлық алуы халықаралық стандартқа қайшы дейді. Оның сөзінше, журналист, билік, қоғам үшбұрыш іспетті. Бір кеңістікте, бірақ бір-бірімен түйіспейтін үш әлем. Бейтараптық сақталуы үшін бұл жерде тікелей я жанама түрде ешқандай байланыс болмауы шарт.

Коммуникация маманы Дана Саудегерова
Коммуникация маманы Дана Саудегерова

– Қазір мен сізге кішкентай шоколад берсем де, сіз оны есте сақтап қаласыз. Кейін хабарласып, "мына спикерді жазшы" деп қолқа салсам, сізге "жоқ" деп айту қиынға соғады. Өйткені кезінде менің сізге бергенімді еске аласыз. Яғни арамыздағы өзара байланыс әсер етеді. Адам өзіне жақсылық жасағандардың алдында өзін міндетті санауға бейім екені ғылыми тұрғыда дәлелденген. Сондықтан журналистердің "пәтер не грант алсам да, [билікті] сынап, шындықты айта беремін" деуі, меніңше, биологиялық тұрғыдан мүмкін емес, – деді Дана Саудегерова.

Баспасөз еркіндігін биліктің жылы қабақ танытуынан жоғары қоятын Батыс елдерінде журналистің үкіметтен марапат алуы қалыпты құбылыс па? Бұл сұрақты Қазақстан мен Орталық Азия елдерінен ақпарат тарататын британ журналисі Джоанна Лиллиске де қойдық. Ол 2005 жылдан бері Қазақстанда тұрып, BBC, Economist, Foreign Policy, Eurasianet сында халықаралық басылымдарға Қазақстандағы саясат пен адам құқығының ахуалы жөнінде жазып келеді.

Журналист Джоанна Лиллис
Журналист Джоанна Лиллис

– Өз басым Батыс елдері үкіметінің жыл сайын журналистерге арнайы, салтанатты түрде марапаттар тапсырғанын көрген емеспін. Әрине, мықты репортаж жасаған журналистер кейде белгілі бір қоғамдық ұйымдардың немесе бұқаралық ақпарат құралдарының тарапынан қолдауға ие болып, марапатталуы мүмкін. Бірақ үкіметтің журналистерге үнемі марапат таратуы болған емес. Өйткені, журналистика – төртінші билік деген принцип бар. Ал төртінші билік үкіметпен етене жақын болмауға тиіс. Меніңше, журналист пен билік арасында белгілі бір арақашықтық сақталуы қажет. Әсіресе, сөз еркіндігі мен журналистердің құқығын шектеп отырған үкіметтің журналистерге марапат үлестіруі – Батыс елдерінде мүмкін емес, қолайсыз жағдай. Әр журналист өз принциптері үшін жауапты болуы керек. Жеке өз басым, сөз еркіндігі мен журналист құқығын шектейтін үкіметтен марапат алмас едім, – деді Джоанна Лиллис.

"Өзіне ыңғайлысын таңдайды". Парламент мүшелерінің ой-пікірі

Журналистердің мемлекеттік награда мен президенттен сыйлық алуы олардың еркіндігі мен бейтараптығына қаншалықты әсер етеді? Бұл сұрақты парламент мәжілісі депутаттарына қойып көрдік. Олардың жауабы әртүрлі шықты.

Ринат Заитов, Мәжіліс депутаты

Мәжіліс депутаты Ринат Заитов
Мәжіліс депутаты Ринат Заитов

– Біздегі БАҚ үшке бөлінеді: біріншісі – насихатпен айналысатын, мемлекет қаржыландыратын БАҚ өкілдері, екіншісі – белгілі бір топтардың мүддесіне жұмыс істейтіндер, ондайлар тек шетелдік деуге болмайды, мысалы, тапсырыс алып, біреуді қаралайтын әріптестеріңіз бар, оларды жалдамалы журналистер деп айтуға болады. Үшіншісі – қара су, қара нанмен жүрсе де, өз мамандығыма адалмын деп, өзі таңдаған жолмен жүрген тәуелсіз журналистер. Оларды қандай да бір марапаттау болады деп өтірік айтуға болмайды. Ал мемлекетке жұмыс істейтін БАҚ-тар енді, оны да өздеріңіз көріп жатырсыздар... Әрине, қарын аштыратын жағдайлар да бар, өйткені өтірік көп айтылады және жалпы кез-келген оқиғаны талдауда біржақтылық байқалады. Бұл енді "тікелей мемлекеттің саясатын іске асырып жатырмыз" деген желеумен жасап жатқандары шығар... БАҚ-тың өзі үшке бөлінгеннен кейін билік өзіне ыңғайлысын таңдайды ғой.

– Мемлекеттен сыйлық алу журналисті бейтараптықтан айнытпай ма, оның бейтараптығына сын болмай ма?

– Кез-келген марапат, сыйлық, әлгі цирктегі аңды үйрету үшін аузына тамақ салған сияқты ғой, қазақ айтады: "Кімнің тарысын жесе, соның тауығына айналады" деп. Жалғыз БАҚ саласында емес, кез келген, мейлі, өнер саласы, еңбек саласы болсын, марапат белгілі бір деңгейде сені жауапты қылады, егер сен сол марапатқа ұмтылсаң, соны қаласың. Сондықтан оны алғаннан кейін, әрине, соны берген қолға қызмет етуі екі еселенеді.

Ермұрат Бапи, Мәжіліс депутаты

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи

– Дамыған, өркениетті елдерде мұндай марапат жоқ, ол жақта халықаралық танымал, үлкен, әлемдік дәрежедегі марапаттар болмаса, мемлекеттің өз ішіндегі марапат туралы естіген емеспін. Бізге бұл қаншалықты қажет екенін елдегі қазіргі жағдаймен салыстыру керек шығар. Біз отыз жылда біраз теперіш көрдік, енді-енді ашылып келе жатқандаймыз. Қанша марапат алсақ та, біз ең басты мүддемізді – кәсіби мүддеміз бен қоғам алдындағы міндетімізді ұмытпауымыз керек.

Нартай Аралбайұлы , Мәжіліс депутаты

– Мұндай сыйлықтардың берілуі журналистердің принципіне қайшы келеді деп ойламаймын, бұл – азаматтардың еңбегінің бағаланғаны деп білемін. [Марапатталғандар арасында] Youtube-каналы бар азаматтарды, әріптестерімізді, ізімізді басып келе жатқан інілерімізді көрдім, олардың кезінде әр камераны я студияны жалға алу үшін айлығынан бөліп, бала-шағасының аузынан жырып жүріп іс бастағанын білемін, сол үшін қуандым. Шынымен марапаттары лайықты деп ойлаймын, марапаты құтты болсын деп айтқым келеді. Алған марапаты олардың принципшілдігіне, ақиқатты айтуына, я елдің мұң-мұқтажын жеткізуіне кері әсер етеді дегенге сенгім келмейді және осы марапаттар олардың шынайы еңбегінің нәтижесі деп білемін.

Айдос Сарым, Мәжіліс депутаты

– Енді, тәуелсіз наградалар бар, басқасы бар, оның қасында мемлекеттің мемлекеттік тапсырыстар орындап жүрген, ұзақ уақыт бойы істеп келе жатқан адамдарға [марапат] тапсыруға хақысы бар шығар.

Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты

Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова
Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова

– Бізде сөз еркіндігі жоқ дегенге келіспеймін. Қараңыздаршы, қанша журналист осында, мәжілісте отыр. Бұл – "айтқыңыз келгенді айтыңыз" дегеннің дәлелі. Өзім де, мысалы, Facebook желісінде онша жағымды емес нәрселерді жазып тұрамын. Және ешкім маған тоқтау салған емес, турасын айтқанда. Сондықтан мен олай деп есептемеймін. Егер әлдебіреу түрмеге түсіп жатса, ол, бәлкім, заң мен құқыққа қайшы әрекет жасаған болар. Әлеуметтік желілерде бір-бірімізді оп-оңай қорлап, расталмаған ақпараттарды тарата алмайтынымызды түсінуіміз керек. Жауапкершілікті бәріміз сезінуіміз керек. Жалпы алғанда, бізде сөз еркіндігі бар деген ойдамын.

"Елдегі журналистиканың ахуалы – журналистерге тікелей байланысты". Әсем Жәпішеваның пікірі

Қазақстандық журналист, азаматтық белсенді әрі "Тіл кеспек жоқ" Telegram-арнасын жүргізуші Әсем Жәпішевадан биліктің жыл сайын журналистерге кәсіби мерекесі қарсаңында марапат үлестіруінің сыры неде деп сұрадық.

Журналист, белсенді Әсем Жәпішева
Журналист, белсенді Әсем Жәпішева

– Түрлі марапат, ақшалай сыйлық таратып, пәтер беріп, журналистерді өзіне қаратып алуды көздейді, бұл жыл сайынғы үрдіс, ол [бұрынғы президент Нұрсұлтан] Назарбаевтың тұсында да болған, Тоқаевтың кезінде де бар. Бұл жерде ешқандай жұмбақ жоқ, бәрі түсінікті сияқты.

– Мереке қарсаңында биліктен марапат алғандардың тізіміне қарағанда, осы салада ұзақ уақыт бойы жұмыс істеген ардагер журналистер де болды. Билік оларға да марапатты өзіне қаратып алу үшін берді демекшісіз бе сонда?

– Тоқаев марапаттаған журналистердің ішінде осы саланың ардагерлері де бар, бірақ, өкінішке қарай, бұл тізімде шындықты жазатын, оппозициялық я тәуелсіз, қоғамдағы әділетсіздікті айтып жүрген журналистердің біреуі де болған жоқ. Сондықтан мен мұны [биліктің] өзіне жағымды нәрселерді жазатын журналистерді өзіне қаратып алуы деп бағалаймын. Бұл жерде ардагерлерді, бұрыннан жазып жүрген адамдарды марапаттауы бұл пікірге ешқандай қайшы емес.

– Мемлекеттен марапат алғандардың арасында тәуелсіз әрі бейтарап журналистер болған жоқ па? Былтырғы және биылғы тізімді бақылаған боларсыз, бәрі бірдей ресми басылымдардың тілшілері ме?

– Бәрі бірдей ресми басылым тілшілері емес. Бірақ, менің пікірімше, олардың ішінде бірде-бір шынайы тәуелсіз журналист болған жоқ. Олардың ішінде ГОНГО-журналистер (GONGO, Government-Organized Non-Governmental Organization – билік ұйымдастырған үкіметтік емес ұйым - ред.) болды. Қаңтар оқиғасынан бері биліктің пропагандасы, БАҚ-тардың тактикасы мен стратегиясының бәрі өзгеріп жатқанын байқап жүрміз.

Қазіргі кезде Назарбаевтың тұсындағы 100 пайыз пропагандалық басылымдар саны азайды. Бұл – пропаганданың жаңаша даму үрдісі. Сондықтан журналистердің де түр-түрі пайда болды. Қазір бұрынғыдай билікті, Тоқаевты 100 пайыз мақтай беретін емес, ара-тұра сынап қоятын, бірақ сол сынаған күннің өзінде де шынайы жағдайды, не болып жатқанын айтпайтын немесе проблемалардың туындауы тек сол бірен-саран шендінің жасағаны деп көрсететін журналистер қалыптасты деп бағалаймын.

Жыл сайын осындай дәстүрлі марапат алған кезде қоғамда екі түрлі ой-пікір айтылады. Біреулері марапат алғандарды қолдап, құтты болсын десе, екіншілері оларды сынға алып жатады. Бұл сынға "сендер елге еңбегі сіңген адамдардың талай жылдық ісін бір медаль алғаны үшін құнсыздандырасыңдар" деп жауап қайтаратындар да бар. Мұндай пікірге не дер едіңіз?

– Марапатта тұрған ештеңе жоқ, мейлі, журналистер күні я шахтерлер күні болсын, егер ол адам марапатқа лайық жақсы маман болса. Бірақ қазіргі Қазақстанда сөз еркіндігі, журналистика қандай жағдайда екендігін, бірнеше журналистің қазіргі кезде қамауда отырғанын ескеретін болсақ, марапат алған бірде бір журналистің осыларды айтпағаны, Қазақстандағы қазіргі цензура, қысым, өзін өзі цензуралау жайлы айтпағаны бұл өтірік марапат екенін айқын көрсетеді. Шындықты жазатын нағыз журналистер болса, ол марапат алып тұрған кезде, сол алаңды пайдаланып, елдегі сөз еркіндігінің жағдайы туралы айтып кетер еді. Бірақ, ешкім олай жасаған жоқ, есесіне қайта-қайта президентті мақтап, біздің журналистиканың "қатты дамып жатқанын" айтып, көзбояушылыққа барды. Сол жағын сынар едім, бірақ марапаттың өзінде тұрған ештеңе жоқ.

– Елде мемлекеттен қаржы алмайтын медиа өте аз, жоқтың қасы деп айтуға болады. Журналисте мемлекеттік медиада жұмыс істемей, журналистикамен басқаша айналысатындай таңдау бар ма?

– Таңдау әрқашан да бар, бірақ журналистердің де жағдайы қиын екенін түсінемін. Өзіңіз айтқандай, мемлекеттен ақша алмай жұмыс істейтін медиа жоқтың қасы. Мысалы, өзім жүргізетін "Тіл кеспек жоқ" telegram-арнасы мемлекеттен ешқандай қаржы алмайды. Рас, тәуелсіз басылым ретінде өмір сүру, жұмысқа қажет қаражат табу өте қиын. Журналистердің көбі, әсіресе өңірлердегі, мысалы, радио мен телеарналардағы журналистерге басқадай мүмкіндік жоқ, олардың мемлекеттік медиада ғана жұмыс істеуден басқа амалы жоқ.

– Жағдай осындай бола тұра, мемлекеттік медиада жұмыс істейтін журналисті марапат алғаны үшін сынау әділетті ме? Әлде олар өзін марапатқа ұсынғанда бас тартуы керек пе?

– Жоқ, мәселе бас тартуда емес, әр адамның өз шешімі болуы керек. Бірақ, сен жұмыстан айырылып қалам-ау деп қорықсаң да, немесе әлдебір медаль я марапат қағазын бермей қалады деген күннің өзінде де журналист екеніңді ұмытпауың керек. Елдегі журналистиканың ахуалы – журналистерге тікелей байланысты. Егер олар қорқып, бұғып қала беретін болса, 100 пайыз үнсіз отыра берсе, онда жағдай әрі қарай ушыға түседі. Ол журналистердің өзіне де байланысты, сондықтан олар ең болмағанда мүмкіндікті пайдаланып, көкейдегіні айтып қалуға қорықпау керек.

– Тоқаев журналистерді "қоғам мен билік арасындағы көпір" деп атап, "елдегі реформаларды халыққа түсіндіріп жүрсіздер" деді. Президенттің мұндай түсінігі неден хабар береді? Бұл тәуелсіз әрі бейтарап журналистика қағидасына қаншалықты сай келеді?

– Президенттің осы сөзінен-ақ биліктің журналистерге қатысты пікірін білуге болады. Яғни журналистерді олардың [биліктің] қызметін зерттеп, тексеріп, халыққа қызмет етеді деп емес, биліктің шығарған шешімдерін халыққа түсіндіретін құрал көреді. Бірақ журналистердің түпкі мақсат-міндеті – билікке емес, халыққа қызмет ету, яғни биліктің сөзін халыққа жеткізу емес, халықтың басындағы проблемаларды билікке жеткізу.

– Әсем, сіз Назарбаев тұсында да, қазір Тоқаев кезінде де медианың жұмысын бақылап, өзіңіз де "Тіл кеспек жоқ" медиасы аясында журналист ретінде жұмыс істеп жатырсыз. Осы екі кезеңді салыстырар болсақ, Тоқаев тұсында баспасөз еркіндігі тұрғысынан ахуал қалай өзгерді? Биліктің баспасөзбен қарым-қатынасына қандай баға бересіз?

– Тоқаевтың кезінде бәрі жаман болды деп айта алмаймын, 2019-2020 жылдары Қазақстанда аздаған сөз еркіндігі болды. [2022 жылғы] Қаңтар оқиғасынан кейін, өкінішке қарай, бәрі өзгерді. Тоқаев билігінің Назарбаев билігінен бір айырмашылығы, журналистерге байланысты, ол – бейресми қысым қатты күшейді, мысалы, Рахат Әлиевтің (Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, бұрынғы қайынатасымен араздасқанға дейін елдегі өте ықпалды тұлғалардың бірі болған – ред.) кезіндегімен салыстырар болсақ. Яғни Назарбаев билігінің соңына қарай қазіргідей қатты қысым болған жоқ. Иә, журналистерді қорқытып-үркіту бұрын да болған, бірақ қазір ол (мессенджермен, телефонмен, т.б.) күнделікті болатын қалыпты жағдайға айналған.

Екіншіден, елде медиа туралы жаңа заң қабылданғаннан кейін журналистердің билікке сұрақ қою мүмкіндігі өте қатты шектелді, сұрақ қойғызбайтындай етіп тастады. Ал билікке сұрақ қою – журналистің ең басты жұмысы.

– Қазақстанның медиа нарығындағы қазіргі ахуал қандай? Қазақ журналисі қалай күн көріп жүр? Мәселен, оқуын жаңа бітірген журналисті елде не күтіп тұр? Бейтарап, тәуелсіз тілші боламын деген адамды не күтіп тұр?

– Өте қиын, елде бірен-саран тәуелсіз басылым бар, бірақ оларда жалақы нарықтағы деңгейден әлдеқайда төмен. Немесе мемлекеттік басылымдарға барып, бірер жылдан кейін шабыты мұқалып, жұмысқа құлқы болмай, өзінің журналист екенін де ұмытып, кейбіреуі тіпті өзін әлдебір шенді санайтын журналистерді де көрдім.

Ал енді үшінші бір жол, қазір медианың дамыған кезеңі, әсіресе әлеуметтік желілерде, Қазақстан қазір Instagram пайдалану бойынша әлемдегі алдыңғы ондыққа енеді. Сол журналистердің көбі блогер болып, пабликтер ашып жүргізіп жатыр, Tik-Tok-қа кетіп жатқандар бар, сөйтіп өздерінше әртүрлі жол қарастырып жүр. Бірақ, сонда да, кейінгі үш жылда жағдай онша мәз болған жоқ, шынын айтсақ, Қазақстанда қазір жас журналистер үшін жақсы кезең емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG