ЖАҢАЛЫҚТАР
Белсенділер саяси тұтқындарды қолдап, Еуропа елдері елшілігінің алдында акция өткізді

12 тамызда Нұр-Сұлтандағы Еуропа елдері елшіліктері орналасқан ғимарат алдында бір топ белсенді сөз бостандығы мен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп акция өткізді. Олар қолдарына "Саяси тұтқындарға бостандық" деген орыс тілінде жазылған плакат пен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған сотталушылардың суреттерін ұстап тұрды.
Белсенді Майгүл Садықова мен Әлия Ізбасарова талаптарын ағылшын тілінде айтты.
- Бұл адамдар жазықсыз қамауда отыр. Қазақстанға сөз бостандығы керек. Біз олардың түрмеден шығуын талап етеміз,- деді Майгүл Садықова ағылшын тілінде.
Содан соң акцияға қатысушылар суреттегі адамдардың не үшін қамауда отырғаны жайлы айтып, олардың бостандығын талап етті.
Белсенділер қолдарына жемқорлық айыбымен сотталып, түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан "Қазатомөнекәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке, 2006 жылы Алматы маңындағы "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болған билікке тұрғындар қарсылық танытқан Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған Арон Атабекке, 2016 жылы Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсы өткен шеруден кейін сотталған белсенді Макс Боқаевқа, "терроризмді насихаттау" және "араздық қоздыру" айыбымен сотталған белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевке және өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етті.
Бұға қоса акцияға қатысушылар елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Ақорданы сынаушы, 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған) жұмысына қатысы бар деген күдікпен істі болып, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты аналар Жәзира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерова, Нұр-Сұлтанда қамауда отырған Серік Жахин, Гүлмира Халықова және Ақмарал Керімбаева туралы да айтты.
Сонымен бірге Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі этникалық азшылыққа қысым жасалғаны туралы мәселені көтерген, "Атажұрт еріктілері" тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі, қазір "араздық қоздырған" деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғалып, үйқамақта отырған Серікжан Біләшті "қудалау доғарылсын" деген талап қойды.
Жаңаөзендегі жұмыссыз жастармен бірге жұмыс талап еткен Ержан Елшібаевты да белсенділігі үшін қуадаланды деп санайтындарын айтты.
Нұр-сұлтандық белсенділер саяси тұтқындарға бостандық талап еткен акцияларын 4 тамыздан бері өткізіп келеді. Олар Ақмол ауданыдағы Алжир саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткіші алдына жиналып, құқық қорғаушылар саяси тұтқындар деп атаған түрмеде ұзақ жылдан бері отырған Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев пен соңғы бірнеше айда "экстремиcтік ұйымдардың жұмысына қатысты" деген айыппен қамауға алынған Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарын босатауды талап еткен еді. Кейін бұл акцияны Біріккен Ұлттар Ұйымның Нұр-Сұлтандағы кеңсесі алдында да өткізді.
Өткен аптада Нұр-Сұлтан мен Қазақстанның өзге қалаларында саяси тұтқындарға қолдау танытушылар бір адамдық акциялар өткізді.
Саяси тұтқындарға бостандық беру талабы жиілеген шақта, 10 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шымкенттік кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай және павлодарлық "Версия" газетінің редакторы Ярослав Голышкинге Құрбан айт мейрамы қарсаңында рақымшылық жасалғаны хабарланды.
Ерлан Балтабай "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену" бабы бойынша айыпталып, шілде айының ортасында жеті жылға сотталған еді. Ал "аса ара ірі көлемде ақша бопсалады" деп айыпталған павлодарлық журналист Ярослав Голышкин 2015 жылы мамыр айында қамауға алынған. Голышкин "Павлодар облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаевтың ұлы қыз зорлады" деген сыбысқа қатысты журналистік зерттеу жүргізген. Ол"зорланды" делінген қызбен сұхбаттасып, оны видеоға түсірген. Журналиске мәлімет жинауға көмектескендердің бірі кейін Голышкиннің Бозымбаевтан "ақша талап еткенін" хабарлаған. Бопсалауға қатысты қылмыстық іс қозғалып, әуелі журналист бұл істе куәгер ретінде, кейін күдікті ретінде танылған.
Қазақстандық құқық қорғаушылар жыл сайын саяси тұтқындар тізімін жасап келеді. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстанда мемлекеттік органдар қылмыстық кодекстегі мазмұны бұлыңғыр жазылған "араздық қоздыру" бабын билікке жақпаған азаматтарды қудалау үшін пайдаланады деп мәлімдеген. Бірақ ресми Нұр-Сұлтан елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.
Басқа да жаңалықтар
Украинамен Еуроодаққа кіру жөнінде келіссөз бастауды Венгрия тоқтатып қойды

Будапешт Украинаға қолдау білдіру жөніндегі Еуропа одағының ортақ мәлімдемесіне вето қойып, Киевпен Еуроодаққа кіру жөнінде келіссөз бастауды іс жүзінде бөгеп тастады. Бұл туралы "РБК-Украина" мен "Украинская правда" басылымдары хабарлады.
Одаққа мүше 26 мемлекет Киев пен Еурокомиссияны Украинаның Еуроодаққа кіруіне дайындық жұмыстарын жеделдетуге үндеген. Алайда, қолданыстағы заң ережесі бойынша, Еуропа одағына мүше елдердің келісімі бірауыздан қабылдануы шарт. Венгрия өз ұстанымын өзгертпейінше, келіссөздердің алғашқы кезеңін ресми түрде бастау туралы шешім қабылданбайды.
Келіссөз бастау туралы шешімнен бөлек, Еуроодақ тарапынан Украинаға көрсетілетін қаржылай қолдау да тоқтатылды. Еуроодаққа мүше Венгрия мен одақ құрамына енуге үміткер Украина арасындағы көп жылдық қарым-қатынас қазір ең төменгі деңгейге түсті.
Соғыс басталғалы бері Ресей сотына әскери қызметтен бас тарту жайлы 20 мыңнан астам іс түскен

Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағалы бері Ресей соттарына әскери қызметтен жалтаруға байланысты 20 538 қылмыстық іс түскен. Мұндай деректі Ресейдің сот сайттарындағы мәліметтерге сүйеніп, "Медиазона" хабарлады.
Ол істердің көбі – 18 159 іс – әскери бөлімді өз бетімен тастап кету бабы бойынша қозғалған. Одан кейінгі орында – бастықтың бұйрығын орындамауға байланысты 1369 іс, ал әскер қатарынан қашу (дезертирлік) әрекеті бойынша 1010 іс тіркелген.
Ресей соттары 17 700 айыпталушыға қатысты үкім шығарған. 2025 жылдың бір ғана сәуір айында мұндай істер бойынша күн сайын орта есеппен 38 сот шешімі шығарылып отырған. Бір ай ішінде жиынтығы 848 үкім шыққан.
Ресейдің Курск облысында соғыс жайлы хабар таратып жүрген қытай журналисі жараланған

Ресейдің Курск облысында Қытайдың Phoenix телеарнасының журналисі Лу Юйгуан жараланды. 63 жастағы тілші украин дронының шабуылынан зардап шеккен деп мәлімдеді облыс басшысы Александр Хинштейн.
Кейінірек Хинштейн Лу Юйгуан ауруханаға жатудан бас тартқанын, оның тек "бас терісі жарақаттанғанын" хабарлады. Қытай журналисі қай жерде, қашан жараланғаны жайлы нақты ақпарат бермеді.
Қытайлық бұрынғы әскери қызметкер Лу Юйгуан 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін соғыс барысынан хабарлар дайындап жүр. Ол Ресей әскері Мариупольді басып алған кезде солармен бірге жүрген. Бұрын ол Ресейдің Шешенстан аймағындағы қарулы шайқас болып жатқан өңірлерде жұмыс істеген және 2008 жылы Ресейдің Грузияға қарсы соғысынан хабар таратқан.
Британдық The Guardian басылымының мәліметінше, Лу Юйгуан ондаған жылдан бері Мәскеуде тұрып жатыр.
ТАСС агенттігі сүйенген дереккөздің хабарлауынша, Курск облысында бас сүйегіне зақым келіп, ауруханаға жеткізілген Лу Юйгуанның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қытай телеарнасы өз қызметкерінің жараланғаны жөнінде әзірше ресми түсініктеме берген жоқ.
Ресей мен Украина кезекті рет тұтқын алмасты

26 маусым күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский Ресей мен Украина арасындағы тұтқын алмасудың жаңа – жетінші кезеңі өткенін хабарлады. Соғысып жатқан екі тарап бұған дейін өз өкілдері Стамбұлдағы келіссөздер аясында жасасқан уағдаластыққа сәйкес тұтқын алмасқан.
Мұның алдында Ресейдің қорғаныс министрлігі де екі жақ тұтқын алмасқанын хабарлаған. Бұрынғы кезеңдердегідей, бұл жолы да нақты неше тұтқын алмасқаны жайлы мәлімет берілмеді.
"Алмасу жалғасып жатыр – тағы бір кезең өтті. Бүгін Қарулы күштердің, Ұлттық гвардияның, Мемлекеттік шекара қызметінің жауынгерлері оралды. Олардың көпшілігі 2022 жылдан бері тұтқында болған. Біз әрбір сарбазды табуға, әрбір есім-сой жайлы ақпаратты тексеруге қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз. Біз өз адамдарымыздың бәрін үйіне қайтаруымыз керек. Осы істе көмектесіп жүрген әрбір жанға алғыс айтамын", – деп жазды президент Зеленский бейсенбі күні телеграм-арнасына.
Соның алдында Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та пікір білдіріп, Стамбұл келіссөздері аясында тұтқын алмасу аяқталған соң Ресей мен Украина делегациялары жаңа кездесу күнін белгілеуі мүмкін екенін мәлімдеген. Алайда бейсенбі күнгі тұтқын алмасу соңғысы ма, жоқ па – әзірге беймәлім.
Қырғыз парламенті тіл туралы заңға өзгерістер енгізуді мақұлдады

Қырғызстан парламенті – Жогорку Кеңеш – мемлекеттік тілді қолдану мәселелері бойынша бірқатар заң жобасын мақұлдады. Құжатқа сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге, оның ішінде судьялар мен прокурорларға, сондай-ақ парламент депутаттарына мемлекеттік қырғыз тілін білу міндетті болмақ.
Жаңа заңға сай, Қырғызстандағы теле- және радиоэфирдегі қырғыз тіліндегі контенттің үлесі 60 пайыздан кем болмауы шарт. Елді мекен атаулары қырғыз тілінде жазылуы керек, ал жарнамада қырғызша мәтіннің қаріп өлшемі орыс тіліндегі мәтінге қарағанда ірі болуға тиіс. Мектептерде мемлекеттік тілден міндетті емтихан тапсыру да заң жүзінде бекітілді.
Жогорку Кеңеш депутаттары бұл өзгерістерді мемлекеттік тілді қорғау қажеттігімен түсіндірді.
"Егер біз қырғыз тіліне немқұрайлы қарай берсек, онда алдағы жылдары ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін", – деген парламент спикері Нурланбек Тургунбек уулуның сөзін AFP агенттігі өз хабарында келтірген.
Қырғызстанда орыс тілі ресми тіл мәртебеге ие. Ел халқының басым бөлігі орысша біледі. Орыс тілі күнделікті тұрмыста, сондай-ақ бизнесте қолданылады.
Кейінгі жылдары Орталық Азиядағы бірқатар елде тіл туралы заңнамаға ұлттық тілдің мәртебесін нығайтуды көздейтін өзгерістер енгізілді.
Қазақстан парламенті қоғамдық орында ниқаб киюге тыйым салатын заң жобасын қабылдады

Қазақстан парламенті мәжілісі қоғамдық орында адамның бет-әлпетін толық жабатын киім-кешек киюге тыйым салатын заң жобасын мақұлдады. Енді құжат президентке қол қоюға жіберілді, деп хабарлады Zakon.kz.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ниқаб киюге тыйым жеке заң түрінде емес, Ішкі істер министрлігі әзірлеген қауіпсіздікке қатысты заң жобасының бір бөлігіне құқық норма ретінде енгізілетінін айтқан еді. Құжатта қоғамдық орында никаб сияқты адамның бет-жүзін тұтас жабатын киімдерге тыйым салу қарастырылған.
Дегенмен, бұл шектеудің бірқатар ерекшеліктері бар. Атап айтқанда, заң талаптарын орындау үшін, медициналық мақсатта, төтенше жағдайлар кезінде, ауа райы қолайсыз болғанда немесе спорттық және мәдени шараларға қатысқан кезде бет-жүзді жабатын киім киюге рұқсат етіледі.
Мұндай шектеу Орталық Азия аймағында алғаш рет енгізіліп отырған жоқ. 2025 жылдың қаңтарында Қырғызстан да адамның бет-әлпетін анықтауға мүмкіндік бермейтін киім киге тыйым салған болатын. Ал 2024 жылдың маусымында Тәжікстанда ұлттық мәдениетке жат деп танылған киімдерді кию мен сатуға заң жүзінде шектеу қойылды. Өзбекстан мұндай тыйым 2023 жылы енгізілген.
Ресейде Украина әскері қатарында соғыспақ болған 19 жастағы қазақстандыққа үкім оқылды

25 маусымда Ресейдің Оңтүстік аймақтық әскери соты 19 жастағы Қазақстан азаматы Тұран Устюговты "террористік деп танылған ұйымның қызметіне араласты" және "террористік мақсатта дайындықтан өткені" үшін кінәлі деп танып, 12 жылға бас бостандығынан айырды. Устюговқа Украина әскері жағында соғыспақ болды деген айып тағылған. Үкім жөнінде "Азаттық Азия" сайтына Тұран Устюговтың анасы Эльмира Жанабаева хабарлады.
Айыптау жағы Алматы тұрғынына екі есе көп жаза – 25 жыл түрме сұраған.
Тұран Устюгов былтыр қазаннан бері Ресейде қамауда отыр. Ол Мәскеу аннексиялап алған Қырымда ұсталған. Тергеу мәліметінше, ол Киев жағында соғысып жатқан Ресейде террористік ұйым деп танылған "Ресей еріктілер корпусы", "Ресей еркіндігі" легионы немесе Азов бригадасына қосылу үшін Украина билігінің бақылауындағы аумаққа бармақ болған.
2025 жылдың ақпанында Қазақстан азаматы Симферопольден Оңтүстік аймақтық әскери соты орналасқан Ростов қаласына ауыстырылған. Сот наурыз айында басталып, 25 маусымда аяқталды.
Тұран Устюгов 2024 жылдың қыркүйек айының аяғында Алматыдан кеткен. Ол онда анасы және бауырларымен бірге тұрған. Анасының сөзінше, Устюгов Украина жағында соғысуға мүмкіндік іздеп, Украинаның қорғауға зәру екенін айтқан.
Анасының сөзінше, ол ұлын айнытуға тырысқан және елден кетуге жол бермеуге күш салған. Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті бұған дейін "Азаттық Азияға" Устюговқа қатысты Қылмыстық кодекстің «Шетелдегі қарулы қақтығыстарға қатысу» бабы бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.
Бұған дейін Қазақстанда Украинада Ресей әскері қатарында соғысқан бірнеше адам осы баппен сотталған еді.
Элмира Жаңабаеваның сөзінше, қазақстандық дипломаттар мен мемлекеттік органдар ұлын қорғау үшін қандай да бір көмек көрсетпеген. Қазақстан сыртқы істер министрлігі дипломаттар Устюговпен де, оның анасымен де байланыста екенін айтқан.
Иранның рухани көсемі Израиль мен АҚШ-ты жеңдік дейді

Иранның рухани көсемі Әли Хаменеи видеомәлімдеме жасап, "Иран халқын жеңісімен құттықтады". Оның сөзін елдегі IRNA агенттігі таратты.
"Иран халқын құттықтаймын. Сионистік режим қираудың алдында қалды және Ианның соққыларынан қатты зардап шекті" дейді ол.
Али Хаменеи АҚШ-ты да жеңдік деп отыр.
"Америка режимі де тікелей соғысқа араласты, себебі олар араласпаса сионистік режим толық жойылатынын сезді. Мұнда да ислам республикасы жеңді және Американы шапалақпен бір тартты" деді Иранның рухани көсемі.
Израиль Тегеран уран өндірісін шамадан тыс арттырып, ядролық қару жасап жатыр деп мәлімдеп, 13 маусымда Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген ғалымдарды өлтірген. Кейін Иран да жауап ретінде Израильге ракеталармен шабуылдаған.
22 маусымда АҚШ Иранның ядролық нысандарына шабуылдап, соққы жасаған. 24 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мен Израиль атысты тоқтатқанын мәлімдеген.
Ербаян Мұхтардың ісі: халықаралық сараптама тағайындалды

Адвокат Инга Иманбай әскерде жұмбақ жағдайда басы жараланып, төсек тартып қалған Ербаян Мұхтардың ісінде қорғануға құқығы бар куәгер бар екенін, бірақ күдікті ретінде әлі ешкім танылмағанын хабарлады. Адвокат “За нами выехали” телеграм-арнасына халықаралық сараптама тағайындалғанын айтқан.
“Іс бойынша маған дейін жасалған сараптама бар, ол өзі құлап, бас жарақатын алған деген болжам жасайды. Біз әрине, бұған сенбейміз. Мен іске кіріскеннен кейін тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып комиссиялық кешенді сараптама жүргізілді, оның нәтижесі бірінші сараптамаға қайшы. Енді сараптаманың қайсысы шын екенін анықтау үшін халықаралық сарапшыларды тарттық. Қазір іс бойынша халықаралық сараптама тағайындалды” деді Инга Иманбай.
Екі күн бұрын туыстары Ербаян Мұхтардың денсаулығы түзеліп келе жатқанын хабарлаған.
"Қазір ол арқасын тік ұстай алады, аяғында тұрады, мойнын бақылай алады, сол қол-аяғында айтарлықтар реакция бар, салмақ қосты, ауыз-қуысымен толықтай жұмыс жасай аламыз— ал бұл бастың ауыр операциясынан кейін небәрі 7,5 ай өткенде қол жеткен өте жақсы нәтиже. Бұл процесс баяу, бірақ тұрақты жүріп жатыр, бұл осындай ауыр операциядан кейін ерекше маңызды. Алда Ербаянды емделудің екінші кезеңі – Стамбулға қайта сапар күтіп тұр” деп жазды туыстары желіде.
Ербаян Мұхтар 2023 жылы көктемде әскерге алынған. Жас жігіт Алматыдағы Ұлттық ұланның №5571 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген. Бірақ сол жылы желтоқсанда әскердегі әжетханада жұмбақ жағдайда басы жарылып, комаға түскен. Төрт айдай ес-түссіз жатып, 2024 жылы мамырда оянған.
Әскери бөлім "сарбаз әжетханада өзі құлап, басын кафельге соғып алды" деген. Жігіттің ата-анасы әскери бөлімнің мәлімдемесіне сенбейтінін айтқан.
Ербаян Мұхтарды ата-анасы былтыр қыркүйекте Түркияға емдетуге алып кеткен. Биыл қаңтарда ол Қазақстанға қайтты. Заңды өкілінің хабарлауынша, Стамбұлда оның басына ота жасалып, инфекциядан толық арылған, бұдан бөлек, салмақ қосып, роботтың көмегімен қимылдай бастаған, өзі аздап тамақ ішетін жағдайға келген. Алдағы уақытта Түркияға қайта барып, оңалтудан өтпек.
Алматыда Рахат Мамырбек атындағы сыйлық табысталды

26 маусымда Алматыдағы Жамбыл атындағы кітапханада журналист, саясаттанушы Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауының қорытындысы жарияланып, лауреаттарға сыйлық табыс етілді.
“Ең үздік мақала” аталымы бойынша Maqsut Narikbayev University Newsroom студенті Мөлдір Қабыкен “Өмір үшін күрес” материалымен жеңімпаз танылды. “Ең үздік видео” аталымында батысқазақстандық журналист Азамат Хамза “20-1” деректі фильмімен үздік танылды.
Жеңімпаздарға арнайы диплом мен ақшалай сыйлық табысталды. Байқаудың жүлде қорына Ғабиден Құлахмет атындағы қор және журналист Ербол Азанбек атсалысқан.
"Осы жолы материалдар сапасы жақсы. Бұған дейін әлеуметтік салмағы бар материалдар болған, биыл тақырып кең болды" дейді қазылар алқасның мүшесі Асылхан Мамашұлы.
“Байқауға барлығы 52 жұмыс (33 мақала, 19 видео) келіп түсті. Байқау Қазақстанның барлық аумағын қамтыды. Атырау, Жетісу, Қостанай, Түркістан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Ұлытау, Абай облыстарынан, үш ірі мегаполистер үміткерлер қатысты” деп жазылған ұйымдастырушылар таратқан хабарламада.
Рахат Мамырбек атындағы саяси журналистика байқауы биыл үшінші рет – дәстүрлі Журналистер күні қарсаңында ұйымдастырылып отыр.
Рахат Мамырбек әр жылдары "Қазақстан", "31-арна", "КТК" және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып қызмет істеді. "Қазақстан" телеарнасында "Күлтөбе" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды. "Алматы" арнасында "Пікірлер пирамидасы" хабарын тізгіндеді. 2012 жылы Азаттық радиосының Қазақ редакциясына қызметке келді. Редактор және жүргізуші болып қызмет атқарды. "Еркін сөз" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі болды.
Рахат Мамырбек Алматыда 2017 жылы 20 желтоқсанда 39 жасында қайтыс болды. 2018 жылы "Ұлт туралы арман" кітабы жарық көрді.
Иранда Израильге “тыңшылық жасады” деп айыпталған үш адам дарға асылды

Reuters агенттігі Иранда Израильге «тыңшылық жасады» деп айыпталған үш адам дарға асылғанын хабарлады.
Иран үкіметінің хабарлауынша, өлім жазасына кесілгендер "Моссадпен (Израиль барлау қызметі) әріптестік орнатып", "Ирандағы жоғары лауазымды шенеуніктерді өлтіру үшін пайдаланған жабдықтарды контрабандалық жолмен тасымалдауға көмектесті" деп айыпталған.
BBC ақпарат агенттігі бірнеше күн бұрын осындай айыппен тағы екі адамның өлім жазасына кесілгенін хабарлаған. Иран-Израиль қақтығысы басталғалы бері "Израильмен байланысы бар" деген күдікпен Иранда соңғы екі аптада 700-ден астам адам тұтқындалған.
Екі ел арасындағы қарулы қақтығыс 13 маусымда Израиль Иранның ядролық қару жасауына тосқауыл қояюды көздейтінін мәлімдеп, ядролық нысандарына соққы берген кезде тұтанған. Операция барысында ядролық қаруға қатысы бар делінген бірнеше ғалым да өлтірілген. Иран бұған жауап ретінде Израильді зымыранмен атқылаған. Тараптар 24 маусымда атысты тоқтатуға келісті.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолкер Түрік 2024 жылы Иранда 901 адамның дарға асылғанын айтқан.
Гаага саммиті: НАТО елдері қорғанысқа ЖІӨ-нің 5 пайызын жұмсауға келісті

НАТО Гаагадағы саммиттің қорытынды құжатын жариялады. Құжат бес тармақтан тұрады.
НАТО-ға мүше мемлекеттер 2035 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 5%-ын қорғанысқа жұмсауға келісті. Оның 3,5%-ы - әскери мақсатқа, 1,5%-ы инфрақұрылым мен цифрлық желілерді қорғауға жұмсалады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 2% болған.
НАТО елдері Украинаны қолдауға жұмсалатын қаржыны қорғаныс шығыны ретінде санайды. Бұл Киевке көмек көрсетуді жеңілдетуі мүмкін.
Құжатта Ресейдің «Еуроатлантикалық қауіпсіздікке қатер төндіретіні» ғана айтылған. Соғыс сөзі қолданылмаған.
Былтырғы саммитте «Украинаның НАТО-ға жолы ашық» деп айтылса, биылғы құжатта мұндай тұжырым жоқ.
АҚШ президенті Дональд Трамп НАТО саммитінде сөйлеген сөзінде егер одаққа мүше елдер қорғаныс шығынын жалпы ішкі өнімнің 5 пайызына дейін арттырса, НАТО «өте қуатты» ұйымға айналады деп мәлімдеді.
НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте "Трамптың қысымынсыз" мұндай мақсатқа жету мүмкін емес еді деп мойындап, республикашылды мақтаған. Бірақ ол бұған көп жағдайда Трамптың "мұндай шарт орындалмаса, АҚШ НАТО-дан кетеді" деген қоқан-лоқысы түрткі болғаны жөнінде ештеңе демеген.
Одаққа мүше елдер НАТО-ның қуаты көп жағдайда АҚШ-тың әскери мүмкіндіктеріне негізделгенін және ол одақтан шықса, одақтың қуаты қатты әлсірейтінін жақсы түсінеді деп жазды халықаралық БАҚ.
24-25 маусымда Нидерландының Гаага қаласында НАТО саммиті өтті. Оған альянсқа мүше 32 елдің өкілдері қатысты.
АҚШ қазақстандықтардың виза бойынша өтініштерінің 46% кері қайтарған

АҚШ былтыр Қазақстан азаматтарының B-1/B-2 категориясына кіретін виза түрі бойынша өтініштерінің 46% астамын кері қайтарған. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде айтылады.
B-1/B-2 визалары АҚШ-қа уақытша іссапарға (B-1) немесе туризмге, демалысқа (B-2) барғысы келетіндерге беріледі. Бұл визаны алу үшін өтініш берушілер АҚШ-тан қайтып кететінін дәлелдеуі керек.
Визалық шектеу бойынша Қазақстан Орталық Азия елдері арасында үшінші орында тұр: Өзбекстан — 64,41%, Түркіменстан — 58,8%, Қазақстан — 46,29%, Тәжікстан — 45,24% және Қырғызстан – 39,14%.
ТМД елдері арасында бұл бойынша көрсеткіш әрқалай: Әзербайжан — 21,46%, Армения — 59,46%, Беларусь — 28,79%, Ресей — 38,56%.
Әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш Лаоста — 82,84%. Алғашқы бестікте Гвинея-Бисау (76,59%), Сенегал (74,65%), Сомали (77,02%) және Гвинея (70,25%) тұр.
Ең төменгі көреткіш БАӘ — 1,46%, Кипр — 2,16%, Румынияда— 2,61%.
Сәуір айында АҚШ-тың Өзбекстандағы елшісі Джонатан Хеник өзбек азаматтарының визаның мұндай түрін ала алмауына осындай визамен барған өзбек азаматтарының АҚШ-та қалып қоюы себеп екенін мәлімдеген.
Ресей әскері қатарында соғысқан өзбек азаматына үкім оқылды

Өзбекстан соты Ресей әскері қатарында Украинадағы соғысқа қатысқан азаматты үш жыл бір айға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде Ізбасқан аудандық сотының шешіміне сүйенген Repost басылымы жазды.
Оны "әскери жалдамалы қызметкер болу", "әскери қызметке тарту" және "шекараны заңсыз кесіп өту" баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Тергеу мәліметінше, ер адам 2019 жылы Ресейдің Саратов қаласына нәпақа табуға барған. 2024 жылы маусымда Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырып, әскери дайындықтан өткен. Ал шілде-тамыз айларында Украинаның Луганск облысы мен Волчанск қалаларындағы әскери қимылдарға қатысып, жарақаттанған. Ауруханада емделгеннен кейін ол шекараны заңсыз кесіп өтіп, Өзбекстанға оралған.
Сот кезінде айыпталушы тағылған айыптарды мойындаған. Ол Өзбекстан азаматтығынан бас тартып, Ресей төлқұжатын алғанын айтқан.
Бұған дейін украиналық "Хочу жить" қоры Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасасып, Украинаға қарсы соғысқа қатысқан 1110 өзбек азаматының аты-жөнін анықтаған еді. Жоба өкілдері кемінде 109 өзбек азаматының майданда қаза болғанын хабарлаған. Қаза болғандардың ең жасы – 21-де, ең үлкені – 62-де. Өзбек азаматтарының бірі келісімшарт жасасқаннан кейін сегізінші күні қаза болған.
Құқық қорғаушы: Рақымшылыққа тек екі саяси тұтқын ілінуі мүмкін

Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина рақымшылық туралы заңды сараптап, елдегі 30 саяси тұтқынның тек екеуі ғана ілінуі мүмкін екенін жазды. Бұлар: Мәлік Ахметқалиев және Айдар Сыздықов. Құқық қорғаушының сөзінше, олардың жаза мерзімі қысқаруы мүмкін.
“Бірақ рақымшылық туралы заң сондай күрделі, сондықтан тіпті екі белсендінің ісі қайта қаралады деген үмітіміз ақталмауы мүмкін. Міне, Қазақстандағы рақымшылықтың жайы осы...” деп жазды Төреғожина.
2024 жылы мамырда Қазақстан соты “есірткі сақтады” деп айыпталған көкшетаулық белсенді Мәлік Ахметқалиевті 4,5 жылға бас бостандығынан айырған. Дәл осындай баппен айыпталған астаналық белсенді Айдар Сыздықов былтыр күзде бес жыл түрмеге жіберілген. Билікті сынап жүрген белсенділердің ісін сараптаған құқық қорғаушылар оларды “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси қудалау барын мойындамайды.
Осы аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Конституциясының 30-жылдығына орай тұтқындарға рақымшылық жариялау туралы заңға қол қойған. Ресми мәлімет бойынша, рақымшылыққа 15 мың сотталушы ілінеді. Рақымшылық аясында түрмеден 662 адам шығады, пробациялық бақылаудағы 3,5 мың адам жазадан босатылады. Шамамен 11 мың адамның жаза мерзімі қысқартылмақ. Осылайша оған барлығы 15 мың адам ілінбек.
Рақымшылыққа 833 әйел ілінбек: 109-ы босатылады, 724-інің жазасы қысқартылады.
Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.
Бұған дейін жобаны әзірлеуге қатысқан кейбір адвокаттар жобада шектеу көп болғандықтан оны “гуманистік акт” ретінде қарастыруға келмейтінін айтқан еді.
Қазақстанның тәуелсіз тарихында 9 рақымшылық болған. Соңғы рет ірі рақымшылық 2021 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жарияланып, шамамен 1 мың адам түрмелерден босатылған. 4 мың адам пробациялық бақылаудан босатылған. 2022 жылы қарашада Қаңтар оқиғасына қатысушыларға қатысты тағы бір шағын рақымшылық жүргізілді.
ПІКІРЛЕР